Аймақтар • 08 Шілде, 2017

Қостанайлықтар “Өрмекші адам. Қайта оралу" фильмін қазақ тілінде тамашалады

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайлықтар қазақ тіліне аударылған «Өрмекші адам. Қайта оралу» фильмін көріп, тамашалады. «Болашақ» Корпоративтік қоры «Меломан» және «Disney» компаниясымен бірлесіп, голливудтық сұранысы жоғары фильмдерді дубляждау жобасын жүзеге асырып келеді. Қазақстандықтар осыған дейін «Болашақ» қорының қолдауымен жүзеге асқан голливудтық 20 фильмді қазақ тілінде көрген болатын. Бұл қазақ тіліне голливудтық 21-ші фильм.

Қостанайлықтар “Өрмекші адам. Қайта оралу" фильмін қазақ тілінде тамашалады

2011 жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл игі жоба Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру және қазақ тілін көркейтуді мақсат тұтқан. Фильм басталарда облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бүкіл әлем мойындаған Голливуд фильмдерінің қазақ тілінде сөйлеуі көрермендер үшін зор қуаныш екенін айтты.

«Бюджеті орта есеппен 200 млн долларды құрайтын әлемдік блокбастерлер жоғарғы сапалы дубляждың нәтижесінде мүлде ұлттық болып қалыптасады. Әлемдік кино жауһарларының кейіпкерлері қазақ тілінде сөйлейді, фильмдер бұрынғыдан да түсінікті, рухани байыта түседі» деді Ерлан Болатұлы.

Дубляждардың арқасында бүгінде қазақ тілі Sony Pictures студиясының 7 – ші тілі, Walt Disney студиясының 39-шы тілі және әлем бойынша DVD, Blu-Ray бойынша тамашалауға қол жетімді голливудтық фильмдердің 7 негізгі тілдер қатарына енді. Фильмді көруге үлкен-кіші көп жиналды.

«Балаларымыздың голливудтық атақты өнер шығармасын ана тілімізде тамашалағаны қандай ғанибет! Өзіме де аударма өте ұнады, аудармасы сапалы, түсінікті, сонымен қатар актерлердің сөзді жегізіп, анық айтуы қазақ тілдің мерейін асыра түсті» дейді көрермен, көп балалы ана Қарлығаш Балапанова.

Нәзира Жәрімбетова,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай